
Aqmola Invest кеңсесінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен инвестициялар және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірлескен кеңес өтті. Іс-шараға ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сабит Нұрлыбай, облыстық прокуратура өкілдері, индустриялық аймақтар және ірі инвесторлар қатысты. Кездесу барысында әрбір инвестордың құқықтарын қорғау шаралары талқыланды.
Марат Ахметжанов өңірдің жоғары инвестициялық белсенділігін атап өтті: 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 900 млрд теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан.
«Мемлекет басшысы инвестиция тартуды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Өңірде жалпы сомасы 45 млрд теңгеден асатын 108 жеке жоба жүзеге асырылып, 1,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. «Aqmola» индустриялық аймағы қарқынды дамып келеді, астықты терең өңдеу, мал шаруашылығы, құрылыс материалдары және энергетика салаларында ірі жобалар іске асырылуда.
Әрбір жоба ашықтықпен, шешім қабылдаудың жеделдігімен және мемлекет тарапынан нақты қорғаумен қамтамасыз етілуі тиіс, инвесторларға формалды көзқарасқа жол берілмейді. Бұл ретте прокуратура органдары мен инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне ерекше рөл жүктеледі, олар өтініштерге жедел әрекет етуді және жобаларды негізсіз тексерулерден қорғауды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті өңір басшысы.
ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев инвестицияларды қорғау Бас прокуратураның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті, өйткені сенім – оларды елге тартудың басты шарты.
«Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды, прокурорлық сүзгі енгізілді, оған сәйкес шешімдер тек прокуратураның келісімімен қабылданады, 27 мыңнан астам іс қаралды. Сондай-ақ цифрлық қадағалау мен инвесторларды сүйемелдеу жүйесі дамуда, әр инвесторға жеке прокурор бекітіледі, бұл 2 мыңнан астам дауды шешуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, прокуратура органдарына инвестициялық омбудсменнің функциялары берілді», – деді Жандос Өмірәлиев.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Комитетті мемлекеттік органдар тарапынан инвесторларға қатысты негізсіз тексерулерден, соның ішінде рұқсат құжаттарын себепсіз созбалаңға салудан қорғайтын «қорғаныш сүзгісі» ретінде бекітеді. Мемлекеттік органдар «пулға» кіретін инвесторларға қатысты кез келген шектеу шараларын прокуратурамен келісуге міндетті.
«Әрбір инвестициялық жоба – бұл өңір экономикасына қосылған үлес, жаңа жұмыс орындары және халық табысының өсуі. Әрбір инвестор мемлекет тарапынан нақты қорғауды сезінуі тиіс», – деп қорытындылады өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzpi/press/news/details/1200056?lang=kk

Жауап қалдыру