
Батырдың жарқын бейнесі мәңгі есімізде
Бүгін Шығыс Қазақстан полицейлері мен облыс тұрғындары Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимовпен қоштасты.
Маңдайына ауыр сынақтар жазылған, бірақ еліміздің тірегі мен мақтанышына айналған сол бір айбынды ұрпақтың қатары сиреп барады. Құрмат Рахимовпен бірге тірі тарих — ерліктің, намыс пен Отанға деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі кетіп бара жатқандай.
Ол Күршім ауданының Қызылтас ауылында дүниеге келген ұлы даланың перзенті еді. Ғасыр куәгері атанған Құрмат атамыз мағыналы да лайықты ғұмыр кешті. 102 жасқа толуына небәрі екі ай ғана қалған болатын.
1942 жылы кәмелеттік жасқа толар-толмас шағында оқуын қалдырып, майданға аттанды. Оның жауынгерлік жолы Белоруссия, Литва және Шығыс Пруссия жерлері арқылы өтті. «Багратион» операциясына қатысып, Шяуляй мен Клайпеда үшін болған қиян-кескі шайқастарды бастан өткерді, Кенигсбергке дейін жетті. Көрсеткен батылдығы мен төзімділігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Жеңістен кейін де Құрмат Рахимұлы Отанға қызмет етуін жалғастырды: әскери училищені бітіріп, мемлекеттік шекараны күзетті. Кейін көп жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер органдарында еңбек етті.
Оның өмірі — майдан даласынан бейбіт күндегі қоғамдық қызметке дейінгі нағыз офицер мен азаматтың жолы. Ол рухтың күштілігінің, ұстанымдылық пен жауапкершіліктің үлгісі болды.
Құрмат Рахимов II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ «Құрмет» орденімен марапатталған.
Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Батырдың есімі мен ерлігі келер ұрпақтың істерінде жалғасын таба бермек.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1199209?lang=kk

Жауап қалдыру