
2026 жылғы 14 наурыз, Бішкек қаласы – Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев құрылыс индустриясына арналған 23-ші халықаралық мамандандырылған KyrgyzBuild 2026 көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл шара құрылыс саласындағы дәстүрлі, ең ірі жыл сайынғы оқиғалардың бірі болып табылады.
Көрме аясында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінен 110-нан астам компания өз өнімдері мен шешімдерін ұсынды. Қатысушылар құрылыс материалдары мен технологияларын, инженерлік жүйелерді, жабдықтарды, терезе мен есік өнімдерін, қасбеттік шешімдерді, энергетикалық және жарықтандыру технологияларын, сондай-ақ интерьерлік және әрлеу шешімдерін кеңінен таныстырды.
Салтанатты ашылу рәсімі Қырғыз Республикасының ресми тұлғалары мен шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларының қатысуымен өтті.
Көрме Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі, Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі, Энергетика министрлігі, Бішкек қаласының мэриясы, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың ресми қолдауымен өткізілуде.
Іс-шара қонақтары мен қатысушылары KyrgyzBuild 2026 көрмесінің өңірдегі құрылыс саласында іскерлік байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты нығайтуға арналған тиімді әрі дәстүрлі алаңға айналғанын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bishkek/press/news/details/1200757?lang=kk

Жауап қалдыру