
Қарағандыда жол жөндеу маусымы басталды: биыл ауқымды жұмыс көлемі жоспарланған — 137 шақырым. Оның ішінде 43,2 шақырым құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарымен қамтылады.

Алты жоба бойынша жұмыстар жалғасады, соның ішінде Бөкетов көшесіндегі автожол құрылысы аяқталып, жол жабыны жаңартылып, абаттандыру жүргізіледі.

Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 923 шақырымды құрайды. Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 85 пайызы нормативтік жағдайда. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді.

Мұқанов көшесінде жаңа магистральдің құрылысы жалғасады. Биыл жұмыстар «Династия» тұрғын үй кешенінен Восток-5 шағын ауданына апаратын автожолға дейін жүргізіліп, қосымша 5 шақырым жол салынады.
Сондай-ақ Приканальная және Университетская көшелерінде Гапеев көшесіне дейінгі учаскеде жұмыстар атқарылуда. Биыл Волочаевская мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы орамішілік жолдарды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы көшесінен Дүйсембеков көшесіне дейінгі аралықты асфальттап, абаттандыру көзделген. Бұдан бөлек, А-17 автожолын реконструкциялау басталады.

Осынымен қатар орташа жөндеу бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде жұмыстар Тәттімбет, Московская, Казахстанская, Бирюзов көшелерінде, сондай-ақ Спасск тасжолында, Сахалин және Курьяновка кенттерінде және басқа да бағыттарда жүргізіледі. Жобалар қаладағы екі аудан мен жеке секторды толық қамтиды.

Сонымен бірге ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған — жолдарды қиыршық таспен нығайту, тегістеу, сондай-ақ жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Көпір құрылыстарына да ерекше назар аударылып отыр: Бұқар жырау даңғылындағы жол өтпесінде температуралық ауытқулар мен динамикалық жүктемелерге төзімді заманауи материалдарды қолдана отырып, деформациялық жіктерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 276 шақырым болатын 149 жол учаскесі кепілдік мерзімінде тұр. Жақын уақытта комиссиялық тексеріс өткізіліп, анықталған ақаулар жойылады», — деп хабарлады қала әкімдігінде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1200474?lang=kk

Жауап қалдыру