
Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылындағы бұрынғы аурухана ғимараты негізінде облыстық психоневрологиялық орталық ашу жоспарлануда. Осыған орай, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева нысанға арнайы барып, ғимараттың техникалық жағдайымен танысып, алдағы жөндеу жұмыстарын бастау мәселелерін пысықтады.
Ақтөбе облысы бойынша психоневрологиялық аурулары бар 200-ден астам адам арнайы орталыққа орналастыру кезегінде тұр. Сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығы базасында 50 адам стационарлық ем қабылдау кезегін күтуде.
Осы мәселені шешу мақсатында аталған ғимаратты жаңғыртып, 150 орынға арналған заманауи орталық құру көзделіп отыр. Жоба іске асқан жағдайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік туады. Бұл бастама отбасыларға түсетін әлеуметтік жүктемені азайтып, тұрақты әрі сапалы күтіммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Мекемеде тәулік бойы медициналық бақылау ұйымдастырылып, психиатриялық және психотерапиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету, психологиялық қолдау және еңбекке бейімдеу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған мәдени-сауықтыру шаралары да қарастырылады.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орталықты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен жоспарланып отыр.
Аталған орталықтың ашылуы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауды күшейтіп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social/press/news/details/1201057?lang=kk

Жауап қалдыру