Аймақта білім беру мен отбасының балалар тәрбиесіндегі өзара ынтымақтастығы нығаюда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта нақты қадамдар жүзеге асырылуда — жаңа құрылымдардың ашылуынан бастап ата-аналарға көрсетілетін практикалық көмекке дейін. Соның кезекті дәлелі ретінде Ақтөбе облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қабылдау. Қолдау. Дамыту» атты кездесу өтті.
Іс-шара ашық диалог, практикалық сабақтар және отбасылар күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайларды талқылау форматында өтті.
Ата-аналармен өткен кездесуге Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысып, өңірде отбасыларды қолдау мен инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті:
«Біздің басты міндетіміз — әрбір бала өз әлеуетін толық ашып, қажетті қолдауды ала алатын жағдай жасау. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда: ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын қолдау үшін тағы бір ПМПК ашылды, сондай-ақ Есет батыр шағын ауданында 300 орындық балабақша құрылысы жалғасуда. Бұл — балаларды дамыту мен отбасыларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», — деді басқарма басшысы.
Кездесудің спикерлерінің бірі — нейропсихолог, «Анима» тұлғаны дамыту орталығының басшысы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының оқытушысы Жайнагуль Консбаева болды. Ол баланың дамуындағы отбасының рөліне кеңінен тоқталды. Әсіресе күн тәртібінің маңыздылығына ерекше назар аударып, тұрақты режим баланың өзіне сенімді болуына, мінез-құлқының жақсаруына және оқу үлгеріміне оң әсер ететінін түсіндірді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын психолог Медеухан Жасжанова өткізген «Қолдау шеңбері» рефлексиясы тудырды. Ата-аналар өз ойларымен ашық бөлісіп, сұрақтар қойып, эмоционалдық қолдау алды.
Кездесудің практикалық бөлімінде №2 түзету кабинеті мамандары — психолог Жайсан Ибадуллаева мен логопед Гүлфия Кабулова ата-аналарға үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым ойын және дамыту жаттығуларын көрсетті. Олар сөйлеу тілі мен сенсомоторлық дағдыларды дамыту жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ «Асыл Мирас» орталығының мамандары Аида Махатжанова мен Аяжан Ерланқызы бірлескен ойын арқылы баланың зейінін, сөйлеуін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға болатынын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ата-аналар мамандарға сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстар алды және өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1202559?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді