Жаңа технологиялар мен күрделі операциялар: Таразда өңір хирургиясының келешегі талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа технологиялар мен күрделі операциялар: Таразда өңір хирургиясының келешегі талқыланды

Тараз қаласында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасында өңір хирургтарының ауқымды съезі өтті. Бұл басқосу аймақтың түкпір-түкпірінен келген әр саланың білікті мамандарын бір алаңға тоғыстырып, кәсіби пікір алмасудың маңызды алаңына айналды. Съезге тамыр хирургтары, травматологтар, урологтар, проктологтар, балалар хирургтары, сондай-ақ аудандық медициналық ұйымдарда еңбек етіп жүрген тәжірибелі дәрігерлер қатысты.

Жиын барысында заманауи хирургияның өзекті мәселелері кеңінен талқыланып, озық тәжірибелер ортаға салынды. Бағдарлама мазмұнға бай, тәжірибеге бағытталған сипатымен ерекшеленіп, клиникалық маңызы зор тақырыптардың кең ауқымын қамтыды.

Қатысушылардың айрықша қызығушылығын жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, несеп-тас ауруын емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған баяндамалар тудырды. Сонымен қатар жарақаттық зақымданулар кезінде аз инвазивті хирургияны дамыту мәселелері де жан-жақты қарастырылды. Әлеуметтік маңызы жоғары күрделі дерттердің бірі – бауыр эхинококкозы да назардан тыс қалған жоқ. Мамандар бұл ауруды ерте кезеңде анықтау және хирургиялық емдеудің тиімді әдістерін талдап, тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды.

Тамыр хирургиясы саласындағы түйткілді мәселелер де қызу пікірталасқа арқау болды. Әсіресе, кеуде және құрсақ бөлігін қамтитын қолқа аневризмасын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне қатысты баяндамалар мамандардың ерекше назарын аударды. Бұл күрделі патологияны емдеуде жоғары технологиялы әрі мультидисциплинарлық тәсілдің маңыздылығы атап өтілді. Бұдан бөлек, шажырқай тамырларының тромбозын анықтау мен емдеу жолдары, сондай-ақ парапроктит пен оның асқынуларын емдеудің өзекті қырлары да кеңінен талқыланды.

Съезд қорытындысында Жамбыл облысының штаттан тыс бас хирургы Нұрлан Жайымбаев сөз сөйлеп, өңірдегі хирургиялық қызметтің бүгінгі жай-күйіне жан-жақты талдау жасады. Ол өз баяндамасында саланы одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, заманауи технологияларды енгізу мен халыққа көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасын арттырудың маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шараның модераторлары медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының құрметті азаматы Сағындық Ордабеков пен бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Асқар Садыков болды. Олардың кәсіби үйлестіруінің нәтижесінде съезд жоғары ғылыми және ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, мамандар арасында мазмұнды пікір алмасуға жол ашты.

Жалпы, мұндай кәсіби жиындар өңірлік денсаулық сақтау саласының дамуына тың серпін береді. Олар озық медициналық технологияларды енгізуге, сала мамандары арасындағы байланысты нығайтуға және ең бастысы – халыққа көрсетілетін хирургиялық көмектің сапасын арттыруға қызмет етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1201965?lang=kk