
АЭХА деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басында әлемнің 31 елінде жалпы қуаты 377 ГВт болатын 413 ядролық реактор жұмыс істейді, тағы 69 блок құрылысы жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта көптеген елдер атом энергетикасын дамыту бағдарламаларын қарастырып, жоспарлап немесе іске асыруды бастады. Мысалы, Польша, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Иордания, Индонезия және басқа елдер ұлттық атом энергетикасы бағдарламаларын әзірлеу кезеңінде, ал Түркия, Египет және Бангладеш алғашқы АЭС-терін салуды бастап кетті.
Еуропалық комиссия бірқатар еуропалық елдерде азаматтық атом энергетикасынан кезең-кезеңімен бас тарту саясаты стратегиялық қателік болғанын мойындады. Осыған байланысты Еуропалық одақ өз саясатын қайта қарау бойынша шаралар қабылдап, инновациялық әрі қауіпсіз ядролық технологияларға инвестицияларды қолдауға бағытталған арнайы қаржылық тетіктерді енгізуде.
Қазақстан үшін атом энергетикасын таңдау тек жаһандық үрдістермен ғана емес, сондай-ақ сенімді базалық генерация көздерін әртараптандыру қажеттілігімен және генерация қуаттарының тапшылығымен байланысты ішкі объективті факторлармен де айқындалады.
Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі (БЭЖ) 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясы мен қуаттың болжамдық теңгеріміне сәйкес, резервті ескере отырып қосымша қуатқа деген қажеттілік 2032 жылы шамамен 2 660 МВт құрауы мүмкін.
Электр энергиясының тапшылығы әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерде сезіледі. Энергожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, бірнеше АЭС-ті кезең-кезеңімен салуды көздейтін жүйелі тәсіл қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy/press/news/details/1203614?lang=kk

Жауап қалдыру