Маңғыстауда үздік мамандар марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

18 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көпжылдық адал еңбегі мен салалардың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Жорға» би ансамблінің балетмейстері, хореограф-режиссер Серік Сариев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ ғылыми-зерттеу өндірістік цехының химиялық сараптау зертханашысы Орынгүл Утенова көпжылдық еңбек өтілі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Іс-шара барысында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау олардың көпжылдық еңбегіне, мамандығына адалдығына және мінсіз беделіне берілген жоғары бағаның айқын дәлелі екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының саясаты аясында еңбек адамдарына, ел игілігі жолында жылдар бойы, кейде ондаған жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан азаматтарға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі марапаттар — тек ерекшелік белгісі ғана емес, бұл сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізге, мол тәжірибелеріңізге және өңір мен мемлекет дамуына қосқан елеулі үлестеріңізге берілген әділ әрі лайықты баға. Сіздер — ұзақ жылдық еңбек өтілі бар, күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мәдениетті дамытуға үлес қосып, жас ұрпаққа өнеге болып жүрген азаматтарсыздар. Осы жоғары мемлекеттік марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі марапат иелерін жеке құттықтап, олардың жетістіктері өңірдің тұрақты дамуының маңызды бөлігі екенін және болашақ ұрпақ үшін үлгі-бағдар болатынын атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1204245?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді