
Шымкент қаласында тұрғындарды негізгі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің барлығы дерлік ауыз су және электр энергиясымен толық қамтылған.
2025 жылы Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағын аудандарында ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 32 шақырым су құбыры тартылып, Текесу мен Айкөл елді мекендері орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді. Нәтижесінде 11 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып, қамту көрсеткіші 100%-ға жетті.
Электрмен жабдықтау саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қаладағы барлық 81 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. 2025 жылы 7 елді мекенде электр желілері жаңартылып, Ақжар, Бадам және Тұран қосалқы стансаларының құрылысы жүргізілді. Бұл өз кезегінде 13 мыңнан астам тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, құрылысы ұзақ уақыт бойы жалғасқан Ақжар қосалқы стансасы толық іске қосылып, бірнеше елді мекен мен индустриалды аймақтарды тұрақты электр қуатымен қамтуға жол ашты. Алайда қала аумағының қарқынды өсуіне байланысты жаңа құрылыс аймақтарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Қазіргі таңда бірқатар елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамалар жүргізілуде.
Сонымен қатар, қалада коммуналдық қызметтерді жетілдіру және инфрақұрылым сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Табиғи газ, жылу, кәріз жүйелері мен көше жарықтандыру салаларында нақты нәтижелер бар.
Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 66-сы табиғи газбен толық қамтылған. 2025 жылы 10 елді мекенде газ жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 22 мыңнан астам тұрғын газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Сондай ақ, Тассай елді мекенінде ұзақ уақытқа созылған газ жүйесінің құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде қамту деңгейі 98%-ға жетті.
Газ желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Пергам» типті жылжымалы диагностикалық қондырғысы сатып алынып, 107,3 шақырым құбырға тексеру жүргізілді. Анықталған ақаулар толық жойылып, жүйенің сенімділігі артты.
Жылумен қамтамасыз ету саласында да жаңа технологиялар енгізілуде. Құбырішілік диагностика әдісі арқылы жылу желілерінің техникалық жағдайы бағаланып, жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік берілді. Бұл тәсіл апаттардың алдын алуда тиімділігін көрсетіп отыр.
Кәріз жүйесін дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 27 елді мекен су бұру жүйесімен қамтылған. 2025 жылы бірқатар елді мекендерде кәріз желілері салынып, алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар ауқымы кеңейтіледі. Қала көшелерін жарықтандыру мәселесі де толық шешімін тапты. Соңғы жылдары атқарылған жұмыстар нәтижесінде Шымкент қаласы 100% сыртқы жарықтандырумен қамтылып, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар қаланың инженерлік және коммуналдық жүйелерін жаңғыртып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1203956?lang=kk

Жауап қалдыру