Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектепте Жетісу облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері оқушылар арасында жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған ерекше әрі әсерлі сабақ өткізді.
Іс-шара дәстүрлі дәріс форматынан өзгеше өтті. Жоғары сынып оқушыларына нақты жол жағдайларын сезінуге мүмкіндік берілді: олар жаяу жүргінші, жүргізуші және инспектор рөлдерін сомдап, арнайы дайындалған алаңда түрлі жағдайларды сахналады. Мұндай тәсіл оқушыларға жол ережелерін жай тыңдап қана қоймай, оның маңызын іс жүзінде түсінуге жол ашты.
Оқушыларға ерекше әсер қалдырған сәт — жол-көлік оқиғасының көріністік қойылымы болды. Сюжет бойынша белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған жаяу жүргінші (манекен) жол апатына ұшырайды. Бұл көрініс қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу қандай қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін анық көрсетті.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған электрсамокаттарды пайдалану ережелерін де жан-жақты түсіндірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1206966?lang=kk

Жауап қалдыру