Полиция қызметкерінің әрбір нық қадамының артында тек заң ғана емес, күнделікті өз-өзімен жұмыс та жатыр. Физикалық төзімділік, психологиялық тұрақтылық және ішкі тәртіп — қызметті тиімді атқарудың негізгі шарттары. Осы бағыттарды өмірлік ұстанымына айналдырған Жетісу облысы Полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының аға инспекторы Омарханов Архат Талғатұлы. Тәжірибелі маман 2007-2011 жылдары №18404 әуе-десанттық әскери бөлімінде қызмет атқарған. 2012 жылдан бастап ішкі істер органдарында еңбек етіп келеді. Ал 2016 жылдан бері әріптестерінің бойында рух күші, төзімділік пен жеңіске деген ұмтылысты қалыптастыру мақсатында спорттық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу ісімен белсенді айналысып жүр. Оның жұмыс күні сапқа тұрудан әлдеқайда ерте басталады. Сабақ кестесін тексеру, спорттық құрал-жабдықтарды дайындау, қызметкерлердің физикалық жағдайын талдау — мұның бәрі күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Арнайы және кәсіби даярлық басқармасында әрбір бағытқа ерекше мән беріледі: турник, спорттық гимнастика, төзімділікке жүгіру, атыс дайындығы және саптық даярлық. Архат Талғатұлының жетекшілігімен полиция қызметкерлері шынайы қызмет барысында шешуші рөл атқаратын дағдыларын жетілдіреді. Себебі дайындық деңгейі тек қызметкердің жеке қауіпсіздігіне ғана емес, азаматтардың тыныштығына да тікелей әсер етеді. Психологиялық тұрақтылыққа да айрықша көңіл бөлінеді. Үнемі күйзеліс жағдайында салқынқандылықты сақтау және жедел шешім қабылдай білу — аса маңызды. Бұл ретте нұсқаушының жұмысы жай ғана жаттығумен шектелмейді, ол — мінезді қалыптастыру. Архат Талғатұлының айтуынша, нағыз полиция қызметкері — тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар мықты ішкі ұстанымы бар тұлға. «Тәжірибелі маман — бұл армиялық тәртіптен өтіп, күнделікті қызметте өзін шыңдап жүрген, дамуға деген ұмтылысын жоғалтпаған адам. Біздің міндетіміз — әрбір қызметкерді физикалық әрі моральдық тұрғыда кез келген сын-қатерге дайын ету», — дейді ол. Оның еңбегі — Жетісу өңірінің қоғамдық тәртібі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әрбір полиция қызметкерінің кәсіби деңгейін арттыруға қосқан үлес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1206969?lang=kk

Жауап қалдыру