Оқытушысыз жұмыс істейтін Tomorrow School бірегей IT мектебі еліміз бойынша өз ауқымын кеңейтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телемост барысында Tomorrow School жобасының Қазақстан өңірлерінде ауқымын кеңейтуге байланысты ресми түрде бастау берілді.

Елімізде Tomorrow School инновациялық білім беру бастамасы кеңейіп келеді. Бұл – бағдарламалау мен жасанды интеллект бағытындағы еліміздегі алғашқы peer-to-peer қағидатына негізделген мектеп. Жобаны кеңейту Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

Tomorrow School жобасын Alem.ai Foundation қоры Astana Hub экожүйесінде және alem.ai орталығының базасында, IT-білім беру саласындағы жаңашыл маман Николя Садирак әзірлеген халықаралық 01 Edu платформасы негізінде іске асырып отыр.

Қазіргі таңда мектеп кампустарын Павлодар, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай облысы мен Шымкент қаласында іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Жыл соңына дейін жоба еліміздің барлық өңірін қамтитын болады.

«Tomorrow School жобасын кеңейту – жаңа буын адами капиталға салынған инвестиция әрі Қазақстанның технологиялық ұлт ретінде қалыптасуына жасалған маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз өңірлерде тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір таланттың дамуына мүмкіндік беретін экожүйе қалыптастырып жатырмыз. Біздің мақсат – тың серпіліс жасай алатын мамандардың жеткілікті тобын қалыптастыру. Осындай инновациялық білім беру форматтарына инвестиция салу арқылы біз интеллект пен технология басты ресурсқа айналатын, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын білім экономикасының негізін қалаймыз», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Жобаны кеңейту моделі серіктестікке негізделген: Alem.ai Foundation білім беру платформасы мен әдістемесін дамытады, ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Astana Hub филиалдары және жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық және операциялық қолдау көрсетеді. Бұл жобаны өңірлік экожүйелерге тиімді кіріктіруге және аймақтарда маман даярлау қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Tomorrow School жобасының ел аумағында іске қосылуы – IT және жасанды интеллект саласындағы таланттарды даярлаудағы маңызды қадам. Бұл бастама 2024 жылдан бері Astana Hub базасында жүзеге асырылып келеді және нақты нәтиже берді: мықты IT-қоғамдастық қалыптасты, қатысушылар өз стартаптарын іске қосып, түрлі байқауларда жеңіске жетіп жүр, тіпті оқу барысында халықаралық компаниялардан ұсыныстар алып жатыр. Біздің міндет – осындай мүмкіндіктерді баршаға қолжетімді етіп, цифрлық алшақтықты азайту және цифрлық экономикаға қажетті жаңа буын мамандарын даярлау», – деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Tomorrow School-дың білім беру моделі дәстүрлі форматтардан өзгеше. Мұнда оқытушылар да, классикалық лекциялар да жоқ – оқу үдерісі peer-to-peer қағидатына негізделген, яғни қатысушылар бір мезетте әрі үйренуші, әрі тәлімгер рөлін атқарады. Бұл тәсіл өз бетінше ойлау, командада жұмыс істеу және нәтижеге жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастырады.

Оқу толықтай тегін және 18 жастан асқан барлық азаматқа қолжетімді, соның ішінде IT саласына нөлден кірісетіндер де қатыса алады. Қазіргі таңда жобаға қызығушылық жоғары: 21 618 өтінім қабылданған, іріктеудің 12 кезеңі ұйымдастырылған, ал 418 студент Астанада негізгі оқу бағдарламасынан өтіп жатыр.

Бағдарлама IT маманын толық даярлау циклін қамтиды – бастапқы дағдылардан кәсіби мамандануға дейін. 18 ай ішінде қатысушылар 50-ден астам практикалық жоба орындайды және Python, JavaScript, Golang, Rust сияқты 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгереді. Сонымен қатар оқу бағдарламасына жасанды интеллектінің негізгі бағыттары – машиналық және терең оқыту, деректерді талдау және компьютерлік көру енгізілген. Бағдарлама соңында қатысушылар AI-инженерден бастап киберқауіпсіздік маманына дейінгі бағыттардың бірін таңдайды.

Tomorrow School жобасын кеңейту өңірлерде IT және AI мамандарын даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастырып, заманауи білімге қолжетімділікті арттырады және жергілікті технологиялық қауымдастықтардың дамуына серпін береді. Бұл адами капиталды жүйелі түрде дамытуға бағытталған жұмысты күшейте түседі.

Жаңа лекке тіркеліп, толық ақпарат алу үшін tomorrow-school.ai ресми сайтына өтуге болады.

Alem.ai Foundation туралы
Alem.ai Foundation – Қазақстанда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру жобаларын дамытатын коммерциялық емес қор. Қордың негізгі бастамаларының қатарында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі мен TUMO Astana орталығы бар. Ұйымның мақсаты – цифрлық экономикаға қажетті жаңа буын AI мамандарын тәрбиелеу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1208026?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді