Астанада Орталық Азиядағы алғашқы креативті технологиялар орталығы TUMO Astana ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада креативті және цифрлық технологияларға арналған инновациялық TUMO Astana орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл – халықаралық TUMO желісінің Орталық Азиядағы алғашқы жобасы. Білім ордасы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында орналасып, жасөспірімдердің цифрлық әрі шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған маңызды алаңға айналмақ.

Ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың alem.ai орталығына сапары аясында өтті. Іс-шараға Үкімет өкілдері, халықаралық серіктестер және сала жетекшілері қатысты. Бұл бастама Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберіндегі жобалардың біріне жатады.

«Жасанды интеллект Қазақстанның технологиялық дамуының негізгі басымдықтарының біріне айналып келеді, сондықтан жастардың цифрлық дағдыларды ерте жастан меңгеруі айрықша маңызды. TUMO Astana тек білім берумен шектелмей, балаларды қызықтырып, олардың білімге деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыратын тиімді тәсілді жүзеге асырады. Әр баланың әлеуеті шексіз, ал TUMO Astana алаңында осы қызығушылықты сақтап, жасөспірімдерді жаңа шешімдер іздеуге және болашақ дағдыларын дамытуға ынталандыратын ерекше орта қалыптасқан. Астанада мұндай орталықтың ашылуы – адами капиталды дамыту мен Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуындағы маңызды қадам. Жақын арада Алматы, Ақтөбе және Ақмола облысында филиалдар ашу, сондай-ақ өңірлерде TUMO Classroom форматтарын дамыту жоспарланып отыр. Бұл еліміздің барлық аймағындағы жасөспірімдерге заманауи білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді  Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

TUMO Astana 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге тегін білім береді. Оқуға қабылдану үшін арнайы талап қойылмайды, барлық бағдарлама бастапқы деңгейден басталады. Оқыту халықаралық TUMO әдістемесіне негізделген және Қазақстанда жаңа буын технологиялық мамандарын тәрбиелеуге бағытталған. Жобаны Astana Hub басқаруындағы Alem.ai Foundation коммерциялық емес корпоративтік қоры және ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп жүзеге асырып отыр.

«Қазақстанда TUMO-ның инновациялық білім беру үлгісін таныстырып, Орталық Азиядағы алғашқы орталығымызды ашып отырғанымызға қуаныштымыз. Astana Hub халықаралық инновациялық кластерімен серіктестігіміз жасөспірімдерге болашаққа қажетті цифрлық және креативті дағдыларды үйретуге бағытталған жаһандық миссиямызды жүзеге асырудағы маңызды кезең. TUMO Astana жергілікті жастарға әлемдік деңгейдегі білім беру бағдарламасына жол ашады. Бұл бағдарлама бүгінге дейін әлем бойынша 100 мыңнан астам оқушының өміріне оң өзгеріс әкелді. Қазақстанның цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған алғыр саясаты TUMO көзқарасымен үндеседі және біз елдің инновациялық білім беру экожүйесінің ажырамас бөлігіне айналуды асыға күтеміз», – деді TUMO-ның даму жөніндегі директоры Пегор Папазян.

Орталық жыл сайын 5 мыңға дейін оқушыны қамти алады. Мұнда 11 бағыт бойынша білім беріледі. Атап айтқанда, генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын жасау, анимация, 3D модельдеу, робототехника, графикалық және моушн дизайн, веб-әзірлеу, киноөндіріс және цифрлық музыка салалары қамтылған.

Оқу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады: оқушылар алдымен TUMO World платформасы арқылы өздігінен білім алады, кейін тәжірибелік воркшоптарға қатысып, кәсіби мамандардан тәлім алады. Ал ерекше ынталы қатысушылар MasterLabs зертханаларында тереңдетілген жобалармен айналысады. Оқу соңында әр оқушы өз жобаларынан құралған цифрлық портфолио қалыптастырады.

TUMO бүгінде әлемнің түрлі елдерінде жұмыс істейтін ірі білім беру желісіне айналды. Қазіргі таңда франшиза негізінде 25 орталық қызмет етеді. Олар Армения, Франция, Германия, Португалия, Албания, Жапония, АҚШ, Аргентина, Үндістан және Қазақстанда орналасқан. Жақын уақытта Уругвай мен Бельгияда да жаңа орталықтар ашу жоспарланған.

Толық ақпарат алып, тіркелу үшін https://astana.tumo.kz/enroll-now/ сілтемесі бойынша өтуге болады.

Alem.ai Foundation туралы
Alem.ai Foundation – Қазақстанда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру жобаларын дамытатын коммерциялық емес қор. Қордың негізгі бастамаларының қатарында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі мен TUMO Astana орталығы бар. Ұйымның мақсаты – цифрлық экономикаға қажетті жаңа буын AI мамандарын тәрбиелеу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1208027?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді