
Абай ауданының Қарауыл гимназиясында “Жас Сақшы” сыныбының ашылуы салтанатты түрде салтанаты өтті. Қазіргі таңда сынып құрамында 23 оқушы бар.
Бұл – өңірде алғаш рет қолға алынған ерекше бастама.
Салтанатты шараға ата-аналар, ардагерлер, педагогтар және полиция қызметкерлері қатысты. Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Аблай Нұрымов “Жас Сақшы” сыныбының лентасын қиып, оқушылар алғашқы анттарын қабылдады. Салтанатты сәтте Аблай Нұрымов өз сөзінде:
“Бүгінгі таңда біздің басты мақсат – жас ұрпақты тәртіптілікке, патриоттық сезімге және құқық қорғау органдарының жұмысын құрметтеуге баулу. ‘Жас Сақшы’ сыныбы – болашақ офицерлердің алғашқы қадамы, олардың білім мен дағдыны қатар меңгеретін орны. Сіздерге жауапкершілік, намыс және адалдық әрдайым серік болсын,” – деп атап өтті.
Ішкі істер органдарының ардагері полиция майоры Жакеев Ержан Құралбекұлы да жаңа сыныптың мәні мен маңызын ерекше атап өтті.
Оқушылар офицерлердің жетекшілігімен кешенді дайындықтан өтеді. Олар саптық дайындықты, атыс қаруын бөлшектеу және жинауды, құқықтық қызметтің негізгі принциптерін, криминалистиканы меңгереді, сонымен қатар дене дайындығы мен өзін-өзі қорғау дағдыларын дамытады. Бұл оқушылардың жалпы білім беру бағдарламасымен қатар жүзеге асып, олардың жан-жақты дамуына жол ашады.
“Жас Сақшы” сыныбының ашылуы тек арнайы дайындық беру мақсатында емес, сонымен қатар оқушыларды патриоттық, тәртіптілікке, азаматтық жауапкершілікке баулудың бірегей жолы болып табылады. Бұл бастама облыстағы жастарға құқық қорғау органдарының қызметін жақынырақ танып-білуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болып саналады.
Осылайша, Қарауыл гимназиясы “Жас Сақшы” сыныбы арқылы жаңа ұрпақты тәртіпке, білімге және қызметке баулу бағытында айқын үлгі көрсетіп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1208492?lang=kk

Жауап қалдыру