
Бүгін Астана маңында қос дөңгелекке жан бітірген ерекше күн өтті. Көктемнің шуақты лебі қала іргесінде жазғы веломаусымның шымылдығын түріп, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мыңдаған тұрғынды ортақ мақсатқа ұйыстырған дәстүрлі жаппай велошеру ұйымдастырылды.
Таңғы самалмен жарыса жиналған қатысушылар ұзындығы 21 шақырымға созылған бағытты еңсеріп, Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастап, Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағына дейінгі аралықты жүріп өтті. Бір мезетте жолға шыққан 700-ге жуық велосипедшілер легі сергектік пен салауатты өмір салтының жарқын көрінісін танытып, елорданың тынысына ерекше серпін берді..
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде велошеру тек спорттық іс-шара ғана емес, қала тұрғындарын тәртіпке, ортақ жауапкершілікке үндейтін маңызды алаңға айналған.
– Биылғы жаппай велошеру «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті. Әр жастағы қатысушылардың басын қосқан бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, қоғамдағы тазалық пен тәртіп сияқты ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Шара алдында қатысушыларға жолда жүру және қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Велошеруге кез келген адам қатыса алады. Балалар 12 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен және олардың бақылауымен қатысуға мүмкіндік алады. Веломаусым жыл бойы жалғасып, оның ресми жабылуы қазан айында өтеді, – деді қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Қатысушылар қатарында жасы жетпістен асқан астаналық зейнеткер Елеусіз Пардабай ақсақал да болды. Ол мұндай бұқаралық шараларға тұрақты қатысатынын айтып, оның адамға ерекше сергектік пен күш-қуат сыйлайтынын жеткізді. Сонымен қатар жастарды белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.
Жас талғамайтын бұл шараға қатысушылар саны шектеулі болғанымен, қызығушылық танытқандардың қарасы көп болды. Тіпті велошеруге арнайы Алматы қаласынан келгендер де кездесті.
Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырылып, жолы болған жандарға спорттық велосипедтер мен қорғаныш шлемдері табысталды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар қатысушыларға дәстүр бойынша дәмді палау мен ыстық шай ұсынды. Өз кезегінде қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, шара өткен аумақты тазалап, үлгі көрсетті.
Осылайша, елорда іргесінде бастау алған веломаусым тек спорт мерекесі ғана емес, тазалық пен тәртіпке үндейтін тағылымды бастама ретінде есте қалды.
Айта кетейік, веломаусымның ашылуы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-sport/press/news/details/1209617?lang=kk

Жауап қалдыру