Қазақстан мен Дания өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында 2026 жылғы 27–29 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров бастаған қазақстандық делегация Копенгаген қаласына (Дания Корольдігі) ресми сапармен барды.

Сапар аясындағы басты шараның бірі – Қазақстандық – Даниялық іскерлік дөңгелек үстелі болды. Онда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың оң қарқынын сөзге тиек өтіп, даниялық бизнес өкілдерін өнеркәсіптің әртүрлі салаларындағы серіктестікті кеңейтуге шақырды. Аталған бастама өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтіп, тұрақты дамуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөз етілді.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы қолайлы инвестициялық орта еліміздің Еуропалық одақ үшін өңірдегі сенімді әрі маңызды серіктеске айналуына жол ашқанын атап өтті. Экономикалық жаңғырту шаралары, өндірістік инфрақұрылымның дамуы және мемлекеттік қолдау бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Дания арасындағы стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге негіз болып отыр.

Сапар барысында Дания Сыртқы істер министрлігінің сауда және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік хатшысымен, сондай-ақ State of Green, FLSmidth және Welltec компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өтті.

Жиын барысында өндірісті ел ішінде дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ энергия тиімділігі мен үнемдеу бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Сапар қорытындысында екі елдің салалық министрліктері мен іскерлік қауымдастықтары арасындағы өзара диалогты жалғастыру жөнінде келісімге келді.

Қазақстан мен Дания арасындағы диалог экономиканың негізгі салаларында әріптестікті дамытуға екі тараптың да мүдделі екенін көрсетті. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық инвестиция тартуға, озық технологиялармен алмасуға және өнеркәсіптің тұрақты дамуына жол ашары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/comprom/press/news/details/1211367?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді