
Көрнекті қазақ композиторы, дирижер және ғалым Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған «Жұбанов көктемі» музыкалық апталығының гала-концерті ауқымды мәдени жобаның қорытынды іс-шарасы болды. Қорытынды концерт Өнер орталығында өтіп, бір апта бойы өңірде ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесін түйіндеді.
Мерекелік кешті ашқан облыс әкімі Асхат Шахаров Ахмет Жұбанов тұлғасының ұлт мәдениетіндегі айырықша рөлін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту елдің рухани жаңғыруының негізі екенін үнемі атап өтеді. Бұл ретте ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің мұрасын сақтау ерекше мәнге ие. Ахмет Жұбанов – ХХ ғасырдың аса көрнекті тұлғасы, Қазақстандағы кәсіби музыкалық өнердің негізін қалаушы, ғылым мен шығармашылықты ұштастыра білген ұлы ғалым, композитор әрі дирижер. Оның мұрасы – халқымыздың рухани байлығының алтын қоры, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік құндылық. «Жұбанов көктемі» апталығы аясында оның шығармашылығы мен ғылыми мұрасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар кең қолдау тапты. Мұндай жобалар жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді», – деді өңір басшысы.
Музыкалық апталық барысында облыста еліміздің жетекші ұжымдарының қатысуымен концерттер, фестивальдер және шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Олардың қатарында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы, сондай-ақ Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты бар.
Сонымен қатар халықаралық хор фестивалі мен домбырашылар фестивалі өтті. Іс-шараларға еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Түркия, Оңтүстік Корея және Өзбекстаннан келген қонақтар мен шығармашылық ұжымдар қатысып, апталықтың халықаралық деңгейін арттырды.
Айырықша мәнге ие тарихи сәттердің бірі – Ахмет Қуанұлы Жұбановтың ұрпақтарының іс-шараға қатысуы болды. Бұл ұлттық музыкалық өнердің сабақтастығы мен терең тамырын айқындайтын басты нышанға айналды.
Гала-концертте кәсіби оркестрлер, хор ұжымдары мен жеке орындаушылар бас қосты. Бағдарламада Ахмет Жұбановтың шығармаларымен қатар қазақстандық композиторлардың туындылары фольклорлық ансамбльдердің орындауында шырқалды.
Кеш аясында Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің әртістерін марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар музыкант Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттарына, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хатымен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы марапатталды.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін оркестрдің жетекші концертмейстерлері Айбек Қарағойшин, Нұржан Есекеев және Айнұр Қарибаева тақты. Өңірдің музыкалық өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан дирижерлер мен әртістер министрлік пен облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен атап өтілді.
Кеш көпшілік қатысқан ортақ өнермен қорытындыланып, сахнада аға буын мен жас толқын, әр түрлі бағыттағы өнерпаздар бір арнаға тоғысты.
«Жұбанов көктемі» музыкалық апталығы Ахмет Жұбанов мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық музыкаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-mugalzhar/press/news/details/1212744?lang=kk

Жауап қалдыру