
«Арыстан» спорт клубы, қоян-қолтық ұрыс секциясы — жай ғана жаттығу орны емес. Мұнда мінез қалыптасады, денсаулық нығаяды және өзіне деген сенімділіктің негізі қаланады. Дәл осы себепті бұл алаң Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ұйымдастырған маңызды профилактикалық іс-шараның өткізілу орнына айналды.
Жастармен және спортшылармен кездесуге арнайы шақырылған қонақ — танымал блогер @optimist.hafiz қатысып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — нашақорлық тақырыбын қарапайым әрі түсінікті тілде талқылады. Кездесу барысында жас, әлі қалыптасып үлгермеген сананың қоршаған ортаның әсерінен қылмыстық «тұзаққа» қалай оңай түсуі мүмкін екеніне ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын қолданудың нақты салдарын түсіндіріп, тәуелділік жолы тұлғаның күйреуіне, болашақтан айырылуға және қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіби және әуесқой спорттағы допинг мәселесі де қозғалды. Жылдам нәтиже іздеу денсаулыққа орны толмас зиян келтіруі мүмкін екені ескертілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1212669?lang=kk

Жауап қалдыру