
2026 жылғы 30 сәуірде Геологтар аллеясы жаңартылған нұсқасында, Бостандық ауданы аумағында, қала әкімі Д. Сатыбалды тапсырмасы бойынша жаңғыртылған жерде, «Мелодия дружбы» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Бұл шара Наурыз мейрамы рухын және 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мәнін біріктірді.
Көктемгі бұл салтанат достықтың, татулықтың және өзара құрметтің жарқын символына айналып, Satbayev University оқытушылары мен студенттерін, сондай-ақ Гонконг қаласынан келген құрметті қонақтарды біріктірді.
Мереке аясында қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытатын «Тұсаукесер», «Үш би», «Сырға салу» атты театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Екі бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, университет ғалымдары Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықовтың ақ батасын беруі көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың мәнін айқындай түсті.
Іс-шара қонақтары сондай-ақ әртүрлі халықтардың дәстүрлері, ұлттық киімдері мен тағамдары ұсынылған этномәдени көрмені тамашалады. Шетелдік студенттер де белсенді қатысып, өз елдерінің мәдениетін таныстырып, көпұлтты бірлік атмосферасын айшықтай түсті.
Мереке ұлттық ойындар мен жарыстарға ұласып, қатысушылар арқан тарту және «Үлкен бауырсақ» сайыстарында бақ сынады. Дәстүр бойынша ақ дастархан жайылып, Наурыз көже ұсынылды. Бұл береке мен молшылықтың символына айналды. Мерекелік концерт барысында шығармашылық ұжымдар халық әндері мен билерін, сондай-ақ аспаптық шығармаларды орындап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, осы күні City University of Hong Kong университетінің филиалында Ашық есік күні ұйымдастырылып, оған 10 мемлекеттік және жекеменшік мектептен шамамен 200 оқушы қатысты. Қатысушылар Computer Science, Material Science және Civil Engineering бағыттары бойынша оқуға түсу және оқу процесімен танысып, Гонконг университетінің өкілдерімен тікелей жүздесу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бағдарламалар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты арқылы тегін білім алу мүмкіндігіне байланысты оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, болашақ мамандық таңдауда маңызды факторға айналды.
Аталған іс-шара тек мерекелік кеш қана емес, сонымен қатар дәстүр, мәдениет және жаңа білім беру мүмкіндіктері үйлесім тапқан мазмұнды алаң болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bostandyk/press/news/details/1212670?lang=kk

Жауап қалдыру