
Атырау облысында жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды қолдауға бағытталған «Isker Adamdar» жобасы биыл да жүзеге асырылады. Бүгінде жобаға қатысуға 150 жас өтінім берген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық Жастар ресурстық орталығының Ақпараттық талдау және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Ақдидар Қабекенова және жоба жетекшісі Усила Арманқызы мәлімдеді.
Қазір өңірде NEET санатындағы 10 773 жас бар. Былтыр 56 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 1500-ден астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі мақсат – оларды еңбек нарығына бейімдеу және тұрақты табыс көзіне жеткізу.
Жоба аясында қатысушылар тегін курстардан өтіп, кәсіби дағдыларды меңгереді. Сонымен қатар 50 қатысушыға 200 мың теңге көлемінде жұмысқа қажетті құралдар жиынтығы, ал үздік 10 қатысушыға 350 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, былтыр жобаға 200 жас қатысып, оның 11-і жеке кәсіп ашқан. Жобаны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «4 билік» Атырау журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1212634?lang=kk

Жауап қалдыру