
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басшылығы Өтеген Сейітов атындағы Болашақ прокурорлар клубының көшбасшыларымен кездесті
«Заң мен Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев елордадағы жалпы білім беретін мектептердің Болашақ прокурорлар клубына кірген оқушыларымен кездесу өткізді.
Өтеген Сейітов атындағы Болашақ прокурорлар клубы – оқушыларды құқықтық ағартуға тартудың жаңа форматы. Бұл ретте балалар «оқушы – оқушыға» қағидаты бойынша өз қатарластары арасында құқықтық білімді насихаттаушы ретінде әрекет етеді.
Бүгінгі таңда Клуб 50 мыңнан астам мектеп оқушысын біріктіреді.
Басшылық атынан Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев жас қонақтарға естелік сыйлықтар табыстап, олармен әңгіме барысында өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ жас ұрпақты құқықтық тәрбиелеудің маңызды рөліне ерекше назар аударды.
«Заңға құрметті қалыптастыру мамандық таңдаудан әлдеқайда бұрын басталуы тиіс. Дәл мектеп қабырғасында әділдік, жауапкершілік және азаматтық кемелдік сияқты базалық құндылықтар қалыптасады», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету осы жұмыстың маңызды бағдары екені атап өтілді. Ол заңдылық, еңбексүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және моральдық-адамгершілік құндылықтарды біріктіреді.
Іс-шара аясында Клуб қатысушылары үшін Бас прокуратура ғимараты бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Оқушылар прокуратура органдарының қызметімен, олардың функцияларымен және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлімен танысты.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1212814?lang=kk

Жауап қалдыру