
2026 жылғы 28 сәуірде «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» арналған айлық шеңберінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті БҚО Кәсіподақ орталығымен бірлесіп, коммуналдық саланың негізгі өндірістік кәсіпорындарымен кеңейтілген семинар-кеңес өткізді.
Іс-шараға қызметкерлерді оқыту мен даярлауды (соның ішінде кәсіби тәуекелдерді бағалауды – КТБ жүргізуді) жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың, сондай-ақ «Мемлекеттік аннуитеттік компания» ӨСК» АҚ БҚО филиалының өкілдері қатысты.
Семинар-кеңес барысында келесі мәселелер қозғалды:
-Өндірістік жарақаттанудың алдын алу;
-Кәсіби тәуекелдерді бағалауды (КТБ) жүргізу әдістемесі;
-Еңбек заңнамасындағы жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысты өзгерістер;
-Қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру;
-Қатысушылардың сұрақтарына жауап беру.
Семинар-кеңес бағдарламасы аясында жеке қорғану құралдарының (ЖҚҚ) көрмесі ұйымдастырылды. Онда әрбір кәсіпорын негізгі мамандықтар бөлінісінде жұмыс барысында қолданылатын ЖҚҚ үлгілерін ұсынып, заманауи қорғаныс құралдарын сатып алу жоспарлары туралы айтып берді. ЖҚҚ көрмесі кәсіпорындардың заман талабына сай дамып келе жатқанын және өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын нақты көрсетті.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, еңбек қауіпсіздігі нұсқаулықтарының сақталуын қамтамасыз етіп жүрген және басқа жұмыскерлерге үлгі болып табылатын кәсіпорын қызметкерлері мен техникалық инспекторлар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-enbek/press/news/details/1212687?lang=kk

Жауап қалдыру