
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Ясутоши Нишимура және Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ясумаса Ииджимамен кездесті.
Министр қазіргі уақытта екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация аясында 1,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, жалпы құны 936 млн АҚШ долларынан асатын 17 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Құны 914 млн АҚШ доллар болатын 10 жоба сәтті іске қосылды. Олардың ішінде күкірт қышқылын және уран өндіретін өндірістер бар. 2027 жылы Komatsu техникасын күрделі жөндеу орталығын құруды және заманауи күкірт қышқылы зауытын салуды қоса алғанда, Жапониямен 22,3 млн АҚШ доллары сомасына 7 жоба бойынша ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда”, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Токиоға ресми сапары аясында жалпы сомасы 3,7 млрд АҚШ долларынан асатын 60-тан астам құжатқа қол қойылғанын атап өтті. Ведомство тарапынан Жапониямен сирек кездесетін металдар мен жабдықтарды жеткізуді кеңейту және жапониялық жоғары сапалы технологияларын енгізу үшін 8 келісім жасалды.
Министр Жапония өкілдерін 2026 жылғы 11-12 маусымда Астанада өтетін Astana Mining & Metallurgy XVI [алықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысуға шақырды. Конгресс аясында Critical Minerals Dialogue сессиясын өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ министр 2026 жылы Астанада екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) келесі 9-шы отырысын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ерсайын Нағаспаев пен Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Такэхико Мацуо аталған комиссияның тең төрағасы болып табылады.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмыстарды одан әрі жалғастыруға дайын және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония арасындағы өнеркәсіп саласындағы тауар айналымының көлемі 2025 жылы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан 434,3 млн АҚШ доллары сомасына өнім экспорттады, ал импорт көлемі 1,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1212611?lang=kk

Жауап қалдыру