Көлік полицейлері бірлік пен халықтар достығын ұлықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Көліктегі полиция департаментінде мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Береке-бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісіне айналған бұл іс-шара көпұлтты Қазақстан халқының тұтастығы мен татулығын айшықтай түсті.

«Негізгі мақсатымыз – еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлікті дәріптеу, патриоттық рухты күшейту және Қазақстан аумағында тұратын этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтеу», – деді Департамент бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев.
Көлік полицейлері қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, татар, кавказ және кәріс ұлттарының мәдениетін кеңінен таныстырды. Әрбір этностың болмысы, тарихы мен ерекшелігі сахналық қойылымдар арқылы әсерлі көрініс тапты. Көз жауын алатын ұлттық киім киген полиция қызметкерлері көрермендерге түрлі халықтардың дәстүрін шынайы жеткізіп, сахна төрін достық пен сыйластықтың нышанына айналдырды.

Әсіресе, әр ұлттың әні, күйі мен биінен жасақталған концерттік бағдарламаны жиналған көпшілік жылы қабылдады. Ұлттық нақышта безендірілген көрмеде этностардың тұрмыстық бұйымдары мен мәдени мұралары таныстырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Бұған қоса, ұлттық тағамдарға толған мерекелік дастархан да әр халықтың қонақжайлығы мен мәдени байлығын айшықтады. Құрамына Департамент басшылығы және Ардагерлер кеңесінің өкілдері енген арнайы комиссия мүшелері әр этностың тағамдарынан дәм татып, еліміздегі мәдени әртүрліліктің бірлікпен ұштасқанын сезінді.

Іс-шара соңында қатысушылардың өнері жоғары бағаланып, түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталды. Атап айтқанда, «Үздік ұлттық тағам» номинациясы бойынша – «Қазақ ұлты», «Ең үздік ұлттық киім» номинациясы бойынша – кавказ ұлты, ал «Үздік ұлттық өнер» номинациясы бойынша – кәріс ұлты ең үздік деп танылды. Номинациялар бойынша жеңімпаз атанған қатысушыларға Департамент бастығының грамоталары табыс етілді.
Полиция – қылмыстың ізін суытпай ашатын жедел уәкіл немесе қылмыстық істерді тергеуші ғана емес, сонымен қатар ол бойына патриоттық сезім мен Отанға деген сүйіспеншілік рухын сіңірген тұлға.

Бүгінде Көліктегі ПД мен оның аумақтық бөліністерінде саналы ғұмырын еліміздің ішкі істер органдарында еңбек етуге арнаған жиырмадан астам түрлі ұлт өкілдері қызмет атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1212820?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді