
Қазақстан Республикасының сот тәжірибесінде қылмыстық процесс шеңберінде мүлікке тыйым салу және оны алып тастауға байланысты мәселелер ең өзекті бағыттардың бірі. Осы мәселелер үкімді орындау сатысында ерекше маңызға ие болады, өйткені мұнда сотталған тұлғалардың ғана емес, сонымен қатар үшінші тұлғалардың, оның ішінде адал ортақ меншік иелерінің мүліктік мүдделері қозғалады. Осыған байланысты Астана қаласы прокурорының көмекшісі Елдар Рақышев мүлікке тыйым салуды реттейтін заңнаманың негізгі ережелері, оны қолдану, даулау және тыйымнан босату тәртібі, сондай-ақ тәркілеу институтынан айырмашылығын түсіндірді.
Ол өз сөзінде Қылмыстық процестегі мүлікке тыйым салу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 161-164, 171 және 172-баптарымен реттеледі және үкімнің орындалуын қамтамасыз ету шарасы болып саналаатынын айтып өтті. Ол азаматтық талапты, өзге де мүліктік өндіріп алуларды, сондай-ақ ықтимал тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Бұл шара уақытша сипатқа ие және жаза түріне жатпайды.
Негізгі мақсаты – мүлікті жасырудың, иеліктен шығарудың немесе өзге де жолмен жалтарудың алдын алу. Бұл келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етіп, жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде мүлікке тыйым салу бастамашысы тергеуші немесе анықтаушы болып табылады, алайда түпкілікті шешімді тергеу судьясы қабылдайды. Процедура мүлікті анықтауды, қажетті іс жүргізуге қатысты материалдарды дайындауды және сотқа өтініш жолдауды қамтиды. Сот ұсынылған негіздерді зерделегеннен кейін тыйым салу туралы шешім қабылдайды.
Егер сотқа дейінгі кезеңде тиісті шаралар қолданылмаса, сот қылмыстық істі қарау барысында мүлікке тыйым салуға құқылы. Сонымен қатар заң прокурор санкциясымен 10 тәулікке дейін уақытша шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте меншік иесі 24 сағат ішінде хабардар етілуі тиіс», – дейді спикер.
Оның айтуынша, заңда мөлшерлестік қағидаты көзделген: тыйым салынған мүліктің құны талап сомасынан аспауы тиіс.
Тыйым күдіктіге немесе айыпталушыға тиесілі мүлікке, сондай-ақ қылмыстық әрекетпен байланысы бар деп негізді түрде болжанған үшінші тұлғалардың мүлкіне салынуы мүмкін.
Сонымен қатар бірінші қажеттілік заттары мен заңнамамен белгіленген өзге де нысандарға тыйым салынбайды.
Ортақ меншіктегі мүлікке тыйым салу кезінде адал меншік иелерінің құқықтары басым мәнге ие. Тыйым тек қылмыстық процеске қатысы бар тұлғаның үлесі шегінде қолданылады.
Мысалы, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі жағдайында алдымен үлестер анықталуы тиіс. Мүлік толық көлемде тыйым салынғанымен, оны сату кезінде өндіріп алу тек борышкердің үлесіне ғана бағытталады.
Мүдделі тұлғалар тыйым салу фактісіне, оның көлеміне, мөлшерлестігіне, мүліктің тиесілігіне және процессуалдық нормалардың сақталуына шағымдануға құқылы.
Шағым 3 тәулік ішінде беріледі, алайда дәлелді себептер болған жағдайда мерзім қалпына келтірілуі мүмкін.
Шағымдар сот бақылауы тәртібімен қаралады. Бұл ретте сот тек шараның заңдылығы мен негізділігін тексереді, ал кінә мәселесі қарау нысанасына кірмейді.
Мүлікке тыйым салу оны бірден сатуды білдірмейді. Сату тек сот актісін орындау кезеңінде жүзеге асырылады.
Процедура «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес жүргізіледі және мүлікті бағалау, оны сатуға беру және электрондық сауда арқылы өткізу кезеңдерін қамтиды.
Ортақ меншіктегі үлесті сату кезінде басқа меншік иелерінің басым сатып алу құқығы сақталады (ҚР Азаматтық кодексінің 216-бабы).
Мүлікке тыйым салу оны қолдану негіздері жойылған жағдайда күшін жояды. Мұндай негіздерге қылмыстық істің тоқтатылуы, азаматтық талаптан бас тарту немесе мүліктің құқық бұзушылықпен байланысының жоқтығы жатады.
«Тыйым салу мен тәркілеуді ажырату маңызды. Тыйым салу – уақытша қамтамасыз ету шарасы болса, тәркілеу – сот үкімімен қолданылатын қылмыстық жаза. Тәркілеу кезінде мүлік мемлекет меншігіне өтеусіз алынады. Сондықтан тыйым салу автоматты түрде тәркілеуге әкелмейді.
Мүлікті тыйымнан босату туралы өтініш берген кезде құжаттарды мұқият дайындау қажет.
Талаптарыңызды нақты тұжырымдап, барлық дәлелдемелерді қоса тіркеңіз және мүліктің құқықтық мәртебесін жан-жақты негіздеңіз.
Сондай-ақ, тыйым салудың мөлшерлестігіне немесе заңды негіздерінің жоқтығына назар аударыңыз. Сапалы дайындалған материалдар соттың заңды әрі негізді шешім қабылдауына мүмкіндік береді», – деп Елдар Рақышев сөзін түйіндеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1212512?lang=kk

Жауап қалдыру