
Астанада 8-10 мамыр күндері өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирі қарсаңында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы ашық жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаттығу жиыны Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылып, оған әлемдік додада ел намысын қорғайтын спортшылар қатысты. Ашық жаттығудан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері дзюдошылар мен жаттықтырушылар штабынан сұхбат алды.
Халықаралық рейтингтік турнирде Астана қаласының екі спортшысы татамиге шығады. Олар: 81 келі салмақта сынға түсетін Амангелді Мәди және 73 келідегі Дүйсенхан Ерсұлтан.
Қазіргі таңда Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы тіркелді. Бұл бәсекеде жүлдеден бөлек, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қажетті рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.
Айта кетейік, Астана қаласы аталған беделді жарысты биыл төртінші мәрте қабылдағалы отыр. Турнир 8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Дзюдо жанкүйерлері үшін кіру тегін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1212515?lang=kk

Жауап қалдыру