
Копенгагенде Қазақстан Республикасының Швециядағы Елшілігі (Данияда қоса атқарушы) Дания өнеркәсібі конфедерациясымен (DI) бірлесе ұйымдастырған қазақ-дат іскерлік дөңгелек үстелі өтті.
Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Қуантыров басқарды. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Samruk-Kazyna Invest, Kazakhstan Investment Development Fund және Kazakh Invest сияқты квазимемлекеттік құрылымдардың басшылығы кірді.
Дат тарапынан Орталық Азия елдеріндегі арнайы өкілі Ларс Туесен, сондай-ақ Carlsberg Group, ALPI Danmark, Blue Water Shipping, Topsoe, Welltec, Caspian Advisory, Citibank, ByteAll және басқаларын қоса алғанда, дат жетекші компанияларының басшылары қатысты. DI Жаһандық нарықтарды дамыту жөніндегі директоры Йенс Хольст-Нильсен модератор қызметін атқарды.
«Қазақстан ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға бағытталған, оның аясында дат технологиялар, капитал және құзыреттер қазақ нарығының ауқымымен, ресурстық базасымен және елдің өңірлік әлеуетімен табиғи түрде ұштасады. Біз дат компанияларды Қазақстанды инвестиция салу және бизнесті кеңейту үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыруға шақырамыз», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.
Министрдің орынбасары Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға, институционалдық базаны нығайтуға және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға бағытталған саяси және экономикалық реформалар туралы да хабардар етті.
Талқылау барысында қатысушылар дат бизнесінің Қазақстанға және жалпы Орталық Азия аймағына деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Дат бірқатар жетекші компаниялары көптеген жылдар бойы Қазақстанда табысты жұмыс істеп, жаңа инвесторлар үшін бағдар болып табылатын табыстың сенімді тарихын қалыптастырып келе жатқаны ерекше аталып өтті.
Іс-шара аясында Қазақстан шетелдік серіктестердің қатысуына ашық нақты инвестициялық жобалар мен бастамаларды ұсынды.
Сапар аясында Ә.Қуантыров жетекші дат компаниялары мен институттарының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Данияның экспорттық-инвестициялық қорының (EIFO) басшылығымен кездесуде тараптар Қазақстанда Қордың қаржы құралдарын қолдануды кеңейту перспективаларын, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-мен ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін қарастырды.
«Carlsberg Group» Бас директоры Якоб Ааруп-Андерсенмен 344 млн АҚШ долларын құрайтын инвестиция көлемі Алматы облысында алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыт салу жобасын іске асыруды қоса алғанда, компанияның Қазақстандағы өндірістік қуаттарын дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Қазақ-дат іскерлік дөңгелек үстелі Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілету, екі елдің бизнес өкілдері арасында тікелей іскерлік байланыстар орнату және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша практикалық қадамдар жасау үшін маңызды алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1212747?lang=kk

Жауап қалдыру