
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, үйлесімді жедел әрекеттер нәтижесінде тонау дерегін қысқа уақыт ішінде ашты. “102” арнасына студентке қатысты жасалған тонау фактісі туралы хабарлама түскен бойда ақпарат жедел басқару орталығына дереу жолданды. Оқиға орны мен күдіктілердің ықтимал қозғалыс бағыты бейнебақылау жүйелері арқылы нақтылап анықталды.
Алынған мәліметтер патрульдік полиция жасақтарына жедел жеткізіліп, іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде күдіктілердің орналасқан жері анықталып, олар қолға түсті. Олардың бірі қашуға әрекет жасағанымен, полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі шұғыл әрекеттерінің арқасында дер кезінде ұсталды. Тергеу барысында 20 жастағы екі азаматтың күш қолданып, студенттен iPhone 15 Pro Max ұялы телефонын ашық түрде тартып алғаны белгілі болды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 600 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1212746?lang=kk

Жауап қалдыру