САРЫАҒАШ: ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Сарыағаш ауданында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен Жылға ауылдық округінде кезекті штаб отырысы өтті. Жиында марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарының барысы жан-жақты сараланды.
Күн тәртібіне сәйкес секторларға бекітілген жауапты бақылаушылар сөз сөйлеп, өз аумақтарындағы ахуал мен жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Сонымен қатар, зиянкестерге қарсы қолданылатын химиялық препараттардың жеткіліктілігі, олардың сақталу талаптары мен тиімді пайдалану тәртібі егжей-тегжейлі пысықталды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындауды тапсырды.
— Зиянкестерге қарсы күрес – ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды міндет. Сондықтан әрбір жұмыс кезеңі сапалы әрі уақытылы атқарылуы тиіс. Бақылауды күшейтіп, белгіленген мерзімде толық аяқтауды қамтамасыз ету қажет, — деді аудан басшысы.
Айта кетсек, биыл Сарыағаш ауданында шегіртке зиянкесіне қарсы химиялық өңдеу және залалсыздандыру жұмыстары арнайы техникалардың көмегімен қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар аудан әкімінің және арнайы құрылған штабтың тұрақты бақылауында.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1212786?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді