
Бүгін Түркістан қаласында «Тіл мәдениеті және ұлттық сөйлеу мәнері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Семинар Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023- 2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру, мемлекеттік тілдің беделін арттыру, оның қолдану аясын кеңейту, тіл нормаларын сақтай отырып сауатты әрі көркем сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген қарым-қатынас мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына Астана қаласындағы «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары, аудандық және қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Семинар модераторы – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к., доцент Исаева Жазира Исақызы болды.
Семинар барысында тіл мәдениетін дамыту, оқу құралдарын әзірлеудің әдістемелік талаптары, қарым-қатынас мәдениеті, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы шешендік өнер мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, тәжірибелік пікір алмасулар жүргізілді.
Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, тіл мәдениетін жетілдіру бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Семинар соңында көтерілген мәселелер бойынша қорытындылар жасалып, алдағы уақытта тіл саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1212505?lang=kk

Жауап қалдыру