Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округінде Сауран ауданының құрылғанына 5 жыл толуы және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ашық жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шара аясында интернет алаяқтық пен нашақорлыққа қарсы түсіндіру және алдын алу жұмыстары қатар жүргізілді.
Таңғы сағат 07:30-да басталған марафонға аудан тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері және спорт сүйер қауым белсенді қатысып, жалпы саны 500-ге жуық адам жиналды. Жарыс барысында қатысушылар төзімділік пен жылдамдықты қатар көрсетіп, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін паш етті.
Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысушыларды мерекемен құттықтап, бұқаралық спортты дамыту мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан прокуроры Алмас Асылбеков және аудандық мәслихат депутаты Боханов Сұлтанбай марафоншыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. І орынды – Юлдашов Шахрух (Жаңа Иқан ауылы), ІІ орынды – Усманов Нияз (Ескі Иқан ауылы), ІІІ орынды – Рысқұлов Азатбек (Ескі Иқан ауылы) иеленді.
Ашық марафон бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталды.
Жауап қалдыру