Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық бірегейлікті дамыту мақсатында өткізілді.
Салтанатты жиын этномәдени бірлестіктердің көрмесінен басталды.
Мерекелік іс-шарада Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов ресми құттықтау сөз сөйлеп, заң үстемдігі мен қоғамдық келісімнің өзара тығыз байланысын атап өтті. Сонымен қатар ол ел бірлігі – тұрақты дамудың негізгі тірегі екенін жеткізді.
Жиынды Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Қазақстанның көпэтносты қоғам ретіндегі бірлігі мен қоғамдық келісімінің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің мен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың атынан ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтар мен этномәдени бірлестігінің өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар қоғамдық келісімді дамыту жолындағы белсенді еңбектің жоғары бағасы болды.
Сонымен қатар жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Марина Лимаренко және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Нодиржон Хасантаев құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында Эльмира Жанғазиева қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізі – заң мен тәртіп, өзара құрмет пен сенім екенін тілге тиек етіп, жиынды қорытындылады.
Мерекелік жиын достық пен өзара түсіністік рухында өтіп, қатысушылар үшін маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
Жауап қалдыру