
Шарбақты орта мектебінің оқушысы Болатбек Айтөре – еңбекқорлығымен және жаңашыл бастамасымен ерекшеленіп жүрген жас кәсіпкерлердің бірі. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етіп, қазақтың дәстүрлі тағамы – жеті түрлі дәмнен дайындалатын “көже” жасауды қолға алған.
Болатбек бұл іспен екі жылдай уақыттан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол көже дайындаудың қыр-сырын терең меңгеріп, өзінің ерекше рецептісін қалыптастырған. Оның айтуынша, бұл бастама тек табыс табу ғана емес, сонымен қатар ұлттық асханамызды насихаттаудың тиімді жолы.
Жас кәсіпкер көжені дайындау барысында жеті түрлі тағамды үйлестіріп, оның дәмі мен сапасына ерекше мән береді. Әрбір қоспа мұқият таңдалып, дәстүрлі рецепт негізінде әзірленеді. Нәтижесінде, оның дайындаған өнімі ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие болып отыр.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ кәсіпкерлікке қадам басқан Болатбек бос уақытын тиімді пайдаланып, өз ісін дамытуға ұмтылады. Оның табандылығы мен еңбексүйгіштігі құрдастарына үлгі болары сөзсіз.
Ұстаздары да Болатбектің бастамасын жоғары бағалап, оған әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Олар жас кәсіпкердің болашағынан зор үміт күтеді.
Қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеп, оны заманауи бағытта дамыту – Болатбектің басты мақсаты. Осындай талапты жастар барда, ұлттық құндылықтарымыздың келешегі жарқын болмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqquly-bilim/press/news/details/1212626?lang=kk

Жауап қалдыру