Астанада футболдан діни конфессиялар арасындағы достық кубогы турнирі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада «Қазақстан футбол федерациясының діни конфессиялар арасындағы достық кубогы» атты футбол турнирі өтті. Іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан футбол федерациясының «Футбол үйінде» төртінші мәрте өтіп жатқан бәсекеге 9 конфессиядан 15 команда жиналды.

Айта кететін жайт, діни конфессиялар арасындағы турнир УЕФА-ға мүше елдер арасынан тек Қазақстан, Англия және Израиль елдерінде ұйымдастырылады.

«Жылына екі мәрте турнир ұйымдастырамыз. Бірі көктемде өтсе, екіншісі қыс мезгіліне жоспарланған. Басты мақсатымыз – футбол арқылы Қазақстан халқының түрлі діни конфессияларының өкілдері арасындағы достықты насихаттау. Турнирдің идеясын 3 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы мен діндерді зерттеу орталығы бірлесе отырып жасаған. Алдағы уақытта футбол жарысын халықаралық статусқа дейін жоғарылату идеясы бар», – деді «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының өкілі Олег Синяков.

Жарыста нақты фаворитті айту қиын. Мысалы, бірінші турнирде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Алаш» ұжымы чемпион атанса, екінші додада Католик шіркеуінің өкілдері топ жарды.

Қазіргі сәтте турнирдің жеңімпазы «Әкелер кеңесі» ұжымы саналады.

«2025 жылы осы турнирде дебют жасап, алғашқы раундта-ақ жарыс жолын аяқтап едік. Биыл бір айдай арнайы дайындалдық. Турнирдің соңғы жағына дейін жетеміз деген үміттеміз. Бәсекелестік өте жоғары.

Осындай турнирдің арқасында басқа да дін өкілдерімен тіл табысып, таныса аламыз. Себебі спорт сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын әмбебап алаң ретінде қызмет атқарады», – деп Иса Мәсіхтің соңғы күндері әулиелер шіркеуінің «Лиахона» конфессиясының өкілі Томас Лук пікірін білдірді.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі 1996 жылдан бері тойланып келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1213088?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді