
Астанада орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 көпшілік кітапханасында «Таза Қазақстан» және «Мөлдір бұлақ» республикалық акциялары аясында экология, табиғатты қорғау және су ресурстарын сақтау тақырыптарына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мөлдір бұлақ: таза табиғат – таза ой» экологиялық акциясының мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарға саналы көзқарасты арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және су көздерін сақтау мәселелеріне назар аударту. Көрмеге келушілерге судың маңыздылығын, оның тіршілік көзі ретіндегі рөлін ашатын кітаптар, мерзімді басылымдар және ақпараттық материалдар ұсынылды.
№6 көпшілік кітапханасының меңгерушісі Раушан Серікбаева осы ортақ іске кітапхана ұжымы да өз үлесін қосатынын жеткізді.
«Бүгін біз елдегі таза су ресурстары мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Көктемде, табиғат жаңарған маусымда айналамызды ауқымды тазалау науқандары басталады. Біз флора мен фауна арасындағы үйлесімділік адамның іс-әрекетіне тікелей байланысты екенін түсінеміз», – деді ол.
Кітапхана басшысы көрмеде қандай басылымдар көпшілік назарына ұсынылғанына тоқтала кетті.
«Біз бүгінге арнайы жасалған көрме дайындадық. Онда «Қызыл кітап», Қазақстанның табиғаты туралы кітаптар, жер және су ресурстары туралы басылымдар және көптеген мамандандырылған журналдар бар. Көрмедегі топтаманы оқырмандардың барлығы тамашалады. Оларға неге су ресурсы тақырыбы таңдалғанын, көктемде су жолдарын тазалаудың маңыздылығын түсіндіреміз», – деді Раушан Серікбаева.
Кітапхана ұжымы барлық жастағы оқырмандар үшін экологияға қатысты ұдайы кездесулер өткізеді. Оның ішінде балабақша балалары мен мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейінгі қауымды қамтиды.
Кітапханаға келген егде жастағы адамдар экология мен салауатты өмір салты туралы пікірталасты бағаласа, балалар интерактивті форматтарға көбірек қызығушылық танытады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1213089?lang=kk

Жауап қалдыру