
30 сәуір күні Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, сондай-ақ ардагерлер мен жастар қатысты.
Экологиялық акция барысында қатысушылар қаладағы Астана көшесіне акация, қарағаш, катальпа және өзге де ағаш көшеттерін отырғызды. Аталған аумақта көгалдандыру жұмыстары «NCOC» компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылып, мердігер мекеме «Жер Ана» ЖШС тарапынан бастау алған.
Жалпы іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, 1200-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Шараға қатысқан қонақтар ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосып жүрген тұрғындарға алғыс білдіріп, мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан тұрғындары туған жерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді түрде атсалысуда. Елді мекендерде кезекті сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Өз сөзінде өңір басшысы акцияның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызын ерекше атап өтті. Қоршаған ортаның жай-күйі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бүгінде «NCOC» компаниясының қолдауымен ағаш отырғызу жұмыстары Форт-Шевченко қаласы мен Баутино ауылында жүргізілуде, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ Форт-Шевченко қаласының орталық көшелерінде «Dunga Operating» компаниясының демеушілігімен шырша көшеттері де отырғызылуда.
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде өткізілген сенбіліктерге 51 мыңнан астам адам қатысып, 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 1 800-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 4 мың тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1213083?lang=kk

Жауап қалдыру