
2026 жылдың басынан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер (оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданбайтындар) үшін, егер мүлік салығының жылдық сомасы 300 АЕК-тен (1 297 500 теңге) аспаса, ағымдағы төлемдер есептемесін (701.01 нысаны) ұсыну міндеті жойылды. Мұндай салық төлеушілер есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, салық салу объектісі орналасқан жер бойынша тек декларацияны (700.00 нысаны) ұсынады. Егер салық сомасы 300 АЕК-тен асса, 701.01 нысанын ұсыну міндеті сақталады.
Салық кезеңі ішінде салық салу объектілері келіп түскен немесе есептен шыққан қалған жағдайда, кезекті төлеу мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей ағымдағы төлемдердің мөлшерін түзетумен және оларды алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен бөлумен қосымша есептеме ұсынылады.
2026 жылдан бастап салық салу объектілерін жүйелі түрде қайта бағалау туралы норма енгізіледі. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ғимараттар мен құрылыстарды кемінде үш жылда бір рет қайта бағалаудан өткізуге міндетті. Бұл салық базасына тікелей әсер етеді.
Салық кодексінің 590-бабы 1-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі салық салу объектілері бойынша салық базасы — мүлікті қайта бағалау ескерілген, бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалатын объектілердің жылдық орташа теңгерімдік құны болып табылады. Бұл ретте мүлікті мұндай бағалау кемінде үш жылда бір рет жүргізілуге тиіс.
Бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды жүзеге асырмайтын жеке кәсіпкерлердің салық салу объектілері бойынша салық базасы – салық салу объектісі ретінде танылғаннан кейінгі алғашқы үш жылда — оларды сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға жұмсалған шығындардың жиынтығы, ал кейінгі кезеңдерде — нарықтық құны болып табылады. Бұл ретте мұндай бағалау 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде үш жылда бір рет жүргізілуі тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-abay/press/news/details/1213078?lang=kk

Жауап қалдыру