
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданында болып, өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің өзекті мәселелерін талқылады.
Сапар аясында басқарма басшысы «Бенкала» тау-кен компаниясы АҚ мен «SM Minerals» ЖШС өндірістік алаңдарын аралап, Бенкала мыс-порфир кен орнын барлау және игеру жобасының жүзеге асырылу барысын көрді.
Қазіргі таңда компания кен өңдеу қуаттылығын жылына 1 млн тоннадан 2 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, «Алаш» метанды жанармай құю станциясының құрылыс жұмыстарымен де танысты.
Жұмыс сапары барысында аудан кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Жиынға Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.
«Кездесудің басты мақсаты – өңір басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Біз үшін әр жобаның кедергісіз жүзеге асуы маңызды», – деді Досжан Әлібеков.
Кездесу қорытындысында басқарма басшысы көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынатынын және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-industiya-innovatsiya/press/news/details/1213276?lang=kk

Жауап қалдыру