
Қарағанды қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицияның арнайы мотопатрульдері қызметке кірісті.
Бұл бастама өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және, әсіресе, мотокөлік жүргізушілері арасындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Полицияның мотокөліктері қала көшелерінде ғана емес, сондай-ақ автокөлік жетуі қиын саяжай аумақтары мен тар көшелерде де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету тиімділігін арттырады.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жазғы маусым басталғалы мотокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері жиілеген. Өкінішке қарай, мұндай заң бұзушылықтар кей жағдайда қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуда. Соның бірі – Ағадыр кентінде екі мотокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы, салдарынан екі адам қаза тапқан.
Осыған байланысты мотопатрульдердің жұмысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Тек соңғы демалыс күндері облыс аумағында мотокөлік жүргізушілері тарапынан 38 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 7 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Бұқар жырау ауданында жүргізілген рейд барысында 33 жастағы азамат мотокөлік басқару кезінде тоқтатылып, тексеріс нәтижесінде оның мас күйде екені анықталды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде демалыс күндері 30-ға жуық мотокөлік айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1213620?lang=kk

Жауап қалдыру