
Қостанай облысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Аққожина мен Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ арнайы іссапармен келді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелде өңір белсенділері, азаматтық қоғам өкілдері және этномәдени бірлестіктер қатысып, елдегі реформалардың жүзеге асу барысы мен өңірлік даму мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалына жан-жақты талдау жасалды. Қостанай облысы индустриалды-аграрлық бағыттағы өңір ретінде машина жасау, металлургия және тамақ өнеркәсібі салалары арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз етіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 70 пайыздан асуы өңір экономикасының негізгі драйвері екенін көрсетеді. Сонымен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және сапалы қызметтерге қолжетімділікті кеңейту басым бағыт ретінде айқындалды.
Дөңгелек үстел жұмысы аясында кеңестің құрылымы мен оның қызметі ерекше назарға алынды. Азаматтық қоғам институттары тұрғындардың сұранысын жеткізсе, этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосады. Ал жергілікті өкілді органдар өңірлік мәселелерді жүйелі түрде көтеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірлердің өзекті мәселелерін орталық деңгейде қарауға жол ашады.
Жиында Конституцияның негізгі қағидаттары, соның ішінде адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң және тәртіп» қағидаттары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, мемлекеттілікті нығайту, саяси жүйені жетілдіру, экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту мәселелері көтерілді.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ұлттық құндылықтарға негізделген заңнамалық бастамаларға тоқталып, қоғам мен отбасы институтын қолдауға бағытталған бірқатар заң жобалары әзірленіп жатқанын атап өтті. Жалпы, кездесу қорытындысы өңір мен орталық арасындағы өзара байланысты нығайтып, реформаларды тиімді іске асыруға серпін беретінімен ерекшеленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-stepnoi/press/news/details/1213584?lang=kk

Жауап қалдыру