
Ақмола облысында көгалдандыру және орман қорын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Жалпы өңірде Президенттің орман алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында 150 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Бүгін Шағалалы орманшылығының «Бұқпа» мемлекеттік мекемесінде шамамен 1 гектар аумақта 5 мың екі жылдық қарағай көшеті отырғызылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты.
Облыстың жалпы орман қорының аумағы 405 мың гектарды құрайды. Қойылған міндетке сәйкес, өңірде жыл соңына дейін 20 млн ағаш отырғызу көзделген. Белсенді отырғызу науқаны сәуір айының ортасынан бері жүргізілуде, бүгінгі күні шамамен 10 млн көшет отырғызылды. Жұмыстарға орман шаруашылықтарының 700-ге жуық қызметкері тартылған, сондай-ақ маусымдық жұмысшылар да қатысуда.
Жұмыстарға саланың болашақ мамандары да қосылуда. Олардың қатарында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің екінші курс студенті Жансая Дәуренбек бар.
«Мен Қызылордадан «орман шаруашылығы» мамандығын алу үшін келдім. Қазір орманшылықта тәжірибеден өтіп, қылқан жапырақты ағаштарды дұрыс отырғызуды үйреніп жүрміз», – деп бөлісті студент.
Көктемгі маусымның соңына дейін өңірде тағы 5 млн қылқан жапырақты көшет, ал күзде дәл сондай мөлшерде жапырақты ағаштар мен бұталар көшеттері отырғызылады.
Мұрат Балпанның айтуынша, келесі жылдың ауқымды міндеттерін орындау үшін жер учаскелерін алдын ала дайындап, отырғызу материалдарын қалыптастырып, орман питомниктерінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1215827?lang=kk

Жауап қалдыру