
Жазғы демалыс кезеңінің жақындауына байланысты көптеген жасөспірімдер алғашқы еңбек тәжірибесін алуды жоспарлайды. Осыған байланысты кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының негізгі талаптарын еске саламыз.
Жас шектеулері:
▪ 16 жастан бастап – еңбек шартын өз бетінше жасасуға жол беріледі;
▪ 15 жастан бастап – негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен;
▪ 14 жастан бастап – денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты оқудан бос уақытында ата-анасының, қамқоршысының немесе асырап алушысының біреуінің келісімімен орындауға жол беріледі.
Кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту кезіндегі шектеулер:
▪ түнгі уақыттағы, үстеме жұмыстарға, сондай-ақ демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға тартуға тыйым салынады;
▪ зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарды орындауға жол берілмейді;
▪ толық материалдық жауапкершілік туралы шарттар жасасуға тыйым салынады.
Жұмыс уақытының ұзақтығы:
▪ 14 пен 16 жас аралығы – аптасына 24 сағаттан аспайды;
▪ 16 мен 18 жас аралығы – аптасына 36 сағаттан аспайды.
Жұмыс беруші міндетті:
▪ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
▪ қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға;
▪ жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеуге;
▪ кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеуге.
Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау жасөспірімдердің жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіз еңбек етуіне және алғашқы пайдалы еңбек тәжірибесін алуына мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-enbek/press/news/details/1218311?lang=kk

Жауап қалдыру