
Келес ауданында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, еңбек қатынастарын заңдастыру және аз қамтылған отбасылардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы маңызды мәселелер талқыланған кеңейтілген жиын өтті. Аталған жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің маңыздылығына арнайы тоқталды.
Аудан әкімінің аппаратында ұйымдастырылған басқосуға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Еңбек қауіпсіздігін бақылау және қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рауан Дурменов, сондай-ақ сала мамандары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, жауапты бөлім қызметкерлері, кәсіпкерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы аумағында зейнетақы жарналары аударылмай отырған, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамаған және еңбек шарттарын ресми тіркемеген мекемелер бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев өз сөзінде еңбек қатынастарын заң талаптарына сай жүргізу – жұмысшы құқығын қорғаудың негізгі кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан көлемінде атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді отбасылардың санын азайту, оларды кәсіпке бейімдеу, жұмыспен қамту және табыс көзін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
— Әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі – мемлекеттің басты назарындағы мәселе. Сондықтан аудандағы әрбір мекеме заң талаптарын толық орындауы тиіс. Ал әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін отбасыларды масылдыққа емес, нақты табыс табуға бағыттауымыз қажет, — деді аудан басшысы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстан келген сала басшылары жан-жақты баяндама жасап, қолданыстағы заңнама талаптарын, жұмыс берушілердің жауапкершілігін және мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді. Жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1218360?lang=kk

Жауап қалдыру