
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен Келес ауданына келіп, шегірткеге қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, жауапты сала басшылары, ауылдық округ әкімдері мен тиісті мамандар қатысып, аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары жан-жақты талқыланды.
Жиында берілген мәліметке сәйкес, Келес ауданы бойынша зерттелетін аумақ 217 600 гектарды құрайды. Оның ішінде 143 350 гектар жер өңдеуге жоспарланған. Бүгінгі таңда 216 000 гектар жер зерттеліп, химиялық өңдеу жұмыстары 137 772 гектарға жүргізілген. Атап айтқанда, жер үсті техникалары арқылы 119 027 гектар, авиация көмегімен 11 220 гектар және газогенератор арқылы 2 000 гектар аумақ дәріленген.
Аудан аумағы 19 секторға бөлініп, әр секторға жауапты мамандар бекітілген. Қазіргі таңда 200-ден астам адам анықтау және қайта тексеру жұмыстарына жұмылдырылған. Бірқатар секторларда дәрілеу толық аяқталып, қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Ал кейбір учаскелерде анықталған ошақтарды жою жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, зиянкестерге қарсы күреске 100-ден астам техника тартылған. Оның ішінде мердігерлердің, ветеринариялық қызметтің және табиғат қорғау мекемелерінің арнайы техникалары бар. Су тасымалдаушы көліктер де жеткілікті деңгейде жұмылдырылған.
Жиын барысында Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді, әрбір ошақты дер кезінде анықтап, жоюды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеп, жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында шегірткеге қарсы күрес тәулік бойы бақылауда екенін айтып, барлық қажетті күш-құралдар толық жұмылдырылғанын жеткізді. Жиын қорытындысында шегірткеге қарсы күресті күшейту, анықтау және алдын алу шараларын үйлестіру бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1218365?lang=kk

Жауап қалдыру