
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов «Бурабай» спорт сарайына барды.
2009 жылы ашылған «Бурабай» спорт сарайы – аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын өңірдегі ең ірі спорт нысандарының бірі. Кешен құрамында 1500 көрерменге арналған мұз аренасы, жабық мұз айдыны, олимпиадалық бассейн, жекпе-жек залдары мен жаттығу залы орналасқан.
Көптеген жылдар бойы тұрғындар мен спортшылар спорт кешенінің қанағаттанарлықсыз жағдайына шағымданып келе жатыр. Ашылған сәттен бастап шатырынан су өтіп, ғимарат ішінде ылғал, су іздері, жарықтар және төбе жабындарының зақымдануы байқалады.
Биылғы жылғы ақпан айында облыстың қоғам белсенділері нысанға мониторинг жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Алайда содан бері жағдай сол қалыпта.
Дене шынықтыру және спортты дамыту мәселелері бойынша өткен мәслихат комиссиясы отырысында Саят Сыздықов техникалық қорытындыға сәйкес ғимараттың тозу деңгейі 60 пайызды құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қордаланған мәселелерді тек күрделі жөндеу жүргізу арқылы шешуге болады.
Басқарманың мәліметінше, нысан пайдалануға берілген уақыттан бері бассейнге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пластикалық әйнектер ішінара ауыстырылған. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз – спорт кешеніне толық күрделі жөндеу қажет.
Басқарма өкілдері қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мораторий қолданылып отырғандықтан, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудің өзі қиындық туғызуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған баламалы алаңдардың жоқтығы қосымша мәселе болып отыр.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы бұл мәселе бақылауда болатынына сендірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1218939?lang=kk

Жауап қалдыру