Облыс әкімдігінде балалардың жазғы демалысын, сауықтыру және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл жазғы сауықтыру науқанымен 1-10 сыныптардағы оқушылардың жалпы санының 99,1% немесе 110 277 оқушыны қамту жоспарланып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 97,8% болды.

Өңірде балалар демалысының инфрақұрылымы едәуір кеңейтіледі. Мектеп жанындағы лагерьлердің саны 334-тен 356-ға, бейіндік лагерьлер 357-ден 576-ға дейін көбейеді. Сондай-ақ еңбек жасақтарына қатысатын оқушылар саны 11 мыңнан 12 мыңға дейін артады.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы жазда 35 389 бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады, бұл қажеттіліктің 100% құрайды. Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 10 829 бала жолдамамен қамтамасыз етіледі, бұл мақсатқа 268,8 млн теңге бөлінді.

Жаз мезгілінде облыста 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді, оның ішінде екеуі жыл бойы, тоғызы маусымдық негізде қызмет көрсетеді. Онда 5,3 мыңнан астам бала демалады. Бұдан бөлек, 38 мыңнан астам баланы қамтитын 356 мектеп жанындағы лагерь және 61 мыңнан астам оқушыны қабылдайтын 576 бейіндік лагерь ашылады. Өсім көрсеткіші – 72,4%. Белсенді демалысты ұнататындар үшін 41 шатырлы және киіз үй лагері ұйымдастырылады.

«Жолдама сыйла» акциясы да жалғасын табады. Өңір кәсіпорындары айтарлықтай қолдау көрсетуде. 4 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 3673 орынға артық. Мәселен, Екібастұз кәсіпорындары әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға 2060 жолдама ұсынды. Ақсу ферроқорытпа зауытының қолдауымен 360 бала Ақсу эко-орталығында, тағы 920 бала «Мечта» жеке лагерінде демалады.

Демалыспен қатар, жасөспірімдерді жаз кезеңінде жұмыспен қамтуға да ерекше назар аударылуда. Өңір кәсіпорындары 12 061 жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады.

IT саласын насихаттауға және жасанды интеллект құралдарын енгізуге негізгі басымдық беріледі. Ақпараттық технологиялар колледжінің IT-hub базасында маусым айында 5-9 сынып оқушыларына арналған жасанды интеллект пен бағдарламалау негіздерін үйрететін «Prompt AI Lab» жазғы мектебі ұйымдастырылады. Сонымен қатар мектеп жанындағы лагерьлерде «Болашақ IT лагерь: жасанды интеллект және цифрлық бағдарламалық ресурстар» атты 12 күндік хакатон өтеді.

Өңір басшысы Асайын Байханов балалар қауіпсіздігі, лагерьлердің дайындығы және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Жазғы лагерьлерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жан-жақты тексеру жүргізу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар өңір басшысы лагерь қызметкерлерін міндетті түрде тексеруді және ата-аналарға балалардың жазғы демалысы туралы толық ақпарат беруді тапсырды.

Қалалық ортадағы балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен аппарат инспекторлары балалар және спорт алаңдарының жағдайына мониторинг жүргізді. Ең көп ескерту Железин ауданында анықталды.

Әкімдіктерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен және төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, 20 мамырға дейін балалар алаңдарын, аттракциондарды және өзге де нысандарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру тапсырылды.

Жиналыс қорытындысы бойынша білім басқармасына 17 мамырға дейін балалардың жазғы демалысы мәселелері бойынша брифинг өткізу, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан лагерьлер жұмысын үйлестіру міндеттелді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, рұқсат құжаттары жоқ лагерьлердің жұмысына жол бермеу тапсырылды.

Сонымен қатар жиналыста өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігі мәселелері де қаралды.

2026 жылы ауыл шаруашылығы жануарларына 1,2 млн диагностикалық зерттеу жүргізу және аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинацияны қоса алғанда 6,1 млн астам ветеринариялық шара өткізу жоспарланған. 1 мамырдағы жағдай бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспары 100% орындалды. Облысқа 2,9 млн дозадан астам ветеринариялық препарат жеткізілді.

Ветеринариялық нысандардың құрылысы жалғасуда. Тереңкөл ауданында, сондай-ақ Ақтоғай және Шарбақты аудандарында ветеринариялық пункттер мен мал қорымдарын салу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар ветеринариялық қызметтің автопаркін жаңарту мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда 172 бірлік техникаға қажеттілік бар, шешімдердің бірі ретінде лизинг тетігі қарастырылуда.

Жиналыстың қорытындысын шығарған Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне 1 шілдеге дейін ветеринариялық пункттер мен станцияларды, ал 1 қыркүйекке дейін мал қорымдарын пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ жыл соңына дейін 2027 жылға жоспарланған ветеринариялық нысандар құрылысына арналған жер учаскелерін беру рәсімдерін аяқтау қажет.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1218609?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді