
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия елдегі саяси партиялар өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында әйелдердің саясаттағы белсенділігін арттыру және олардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін күшейту мәселелері қаралды.
Кездесуге AMANAT, Respublica, Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол», «Байтақ», «Ауыл» және ЖСДП партияларының басшылық құрамы мен әйелдер қанатының өкілдері қатысты.
Тараптар әйел кандидаттарды даярлау және қолдау тетіктерін жетілдіру, саяси тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту, кадрлық резерв қалыптастыру, сондай-ақ өңірлердегі партиялық құрылымдардың рөлін күшейту мәселесін талқылады.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келетіні атап өтілді. Президент елдің тұрақты дамуы әйелдердің зияткерлік, кәсіби және басқарушылық әлеуетін толық іске асырмайынша мүмкін емес екенін бірнеше рет айтқан болатын. Осы орайда Қазақстанның жаңа Конституциясы әйелдердің саясат пен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өкілдігін арттыруға кең мүмкіндіктер ашады.
Жиында айтылған мәліметке сәйкес, әйелдер ел халқының 51 пайыздан астамын, мемлекеттік қызметтің әкімшілік корпусының 56,2 пайызын және PhD ғылыми дәрежесі иелерінің 54 пайызын құрайды.
Кездесу соңында тараптар сараптамалық және консультативтік байланысты алдағы уақытта да жалғастыру маңызды екенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыс саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының бірлескен қатысуымен жүзеге асады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1219993?lang=kk

Жауап қалдыру