
Абай облысында қоғамдық тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Алкогольсіз аула» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Бұл акция облысымыздың тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болып табылады.
Іс-шара барысында барлығы 283 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар, түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінсіз жүрген 8 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізді.
Жедел-профилактикалық іс-шараға 440-тан астам полиция қызметкері қатасып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізді. Халықпен 20-дан астам жиын ұйымдастырылып, азаматтарға құқықбұзушылықтарды болдырмау бойынша практикалық кеңестер берілді, сонымен қатар қолданыстағы заңнаманың нормалары кеңінен түсіндірілді.
Тұрғылықты жері бойынша 1 801 есептегі тұлға тексерілді, олардың ішінде 209 қолайсыз отбасы мен 399 мерзімінен бұрын босатылған азамат қамтылды. Профилактикалық шаралар қоғамдық орындарда алкогольді пайдалануына байланысты құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған.
«Қазіргі таңда біздің басты міндетіміз — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. «Алкогольсіз аула» акциясы арқылы біз азаматтар арасында жауапкершілікті арттыруға, жасөспірімдерді қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып отырмыз. Полиция қызметкерлерінің халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауы және құқықтық білімді арттыру бағытындағы іс-шаралар — бұл біздің тұрақты стратегиялық бағыттарымыздың бірі. Біз әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», — деді Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Нурекенов Мейірбек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1221565?lang=kk

Жауап қалдыру