
«Мемсараптама» РМК Абай облысы Абай ауданының Қарауыл ауылындағы «Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ үшін 200 орындық интернат салу жобасына оң қорытынды берді.
Жобаның тапсырыс берушісі — «Абай облысының құрылыс басқармасы» ММ, ал бас жобалаушы — «Семстройпроект» жобалау-іздестіру институты» ЖШС.
Жоба аясында төрт функционалды өзара байланысқан блоктан тұратын, 2 және 3 қабатты заманауи интернат ғимаратын салу көзделген.
Екі қабатты орталық блокта кіреберіс аймағы, әкімшілік және қосалқы бөлмелер орналасады. Сонымен қатар екі қабатты блокта асхана мен қыздарға арналған жатын корпусы қарастырылған. Жеке блокта медициналық пункт пен қосымша тұрғын жай бөлмелер орналастырылады. Ал үш қабатты блок тұрғын жай секцияларға арналған.
Жобада қолжетімді орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылған. Мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі өзге де азаматтар үшін тиісті қолайлы жағдайлар жасалған. Ғимаратта бейімделген қозғалыс жолдары, арнайы кіреберіс алаңшалары, көтергіш платформа, мамандандырылған санитарлық бөлмелер, сондай-ақ навигация және қауіпсіздік элементтері жобаланған.
Жобаны іске асыру оқушыларға қолайлы әрі заманауи жағдай жасауды көздейді. Бұл Абай облысының білім беру саласы инфрақұрылымын дамытудағы жарқын мысалдардың бірі саналады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1224872?lang=ru

Жауап қалдыру